Есірткіге қарсы іс-қимыл бөлімшелерінің қызметкерлері біліктілікті арттыру курсынан өтеді
ІІМ-де ЕҚҚІҚД басшылары БҰҰ-ның есірткі және қылмыс жөніндегі басқармасының кеңесшісі Кеннет Уильямсонмен кездесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуде қатысушылармен ұлттық кешенді жоспардың іс-шараларын ескере отырып әзірленген «Синтетикалық есірткіге қарсы күрес жөніндегі 2023-2025 жылдарға арналған ұлттық әлеуетті нығайту» жаңа жобасы шеңберінде ІІО есірткіге қарсы бөлімшелерінің қызметкерлері үшін біліктілікті арттыру курстарын ұйымдастыру, өткізу мәселелері талқыланды.
Осы жоба құқық қорғау, сот-медициналық және кеден органдары үшін синтетикалық есірткіге қарсы іс-қимылда оларды анықтау, заңсыз айналымды анықтау және жолын кесу бойынша мүмкіндіктерді кеңейте отырып оқыту семинарларын қамтиды.
Кездесуде жақын арада сәлемдемелер мен тауарларды жеткізу жүйелері арқылы есірткі контрабандасының жолын кесу, прекурсорларды, зертханалық жабдықтарды және есірткінің жаңа түрлерін қауіпсіз сәйкестендіру және қолдану бойынша тренингтерді ұйымдастыру, сондай-ақ Қазақстанның құқық қорғау және арнаулы органдарының кинологиялық қызметтері үшін жекелеген оқу курстарын, оларды өткізу мерзімдерін айқындай отырып, ұйымдастыру туралы уағдаластыққа қол жеткізілді.