Астанада шетелдік автокөліктің жүргізушісі жалған нөмір орнатқаны үшін жауапқа тартылды
Астанада шетелдік автокөліктің жүргізушісі жалған нөмір орнатқаны үшін жауапқа тартылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көрінеу жалған нөмірлік белгілері бар көлік құралын басқарғаны үшін Аudi автокөлігінің 28 жастағы жүргізушісі әкімшілік соттың шешімімен бір тәулікке қамауға алынып, бір жыл мерзімге көлік басқару құқығынан айырылды.
«102» арнасына қала тұрғынынан, оның атына өзі жасамаған заң бұзушылықтар үшін айыппұлдар келетіні туралы хабарлама келіп түсті. Ер адам Аudi автокөлікті автоталдауға әлдеқашан тапсырғанын мәлімдеді. Белгілі болғандай, бірдей маркалы, бірдей түсті және нөмірлері бірдей автомобиль бүкіл қала бойынша жолда жүрген.
Патрульдік полиция полкінің қызметкерлері Абылай хан даңғылында Аudi автокөлігін тоқтатты. Автокөлік иесі Ресейден ҚР аумағына әкелген автокөлікке жалған нөмірлер орнатқаны анықталды. Оның айтуынша, ол танымал автомобиль интернет-порталы арқылы мемлекеттік нөмірлік белгілерді сатып алған.
Тәртіп бұзушы көрiнеу жалған немесе қолдан жасалған мемлекеттiк тiркеу нөмiрi белгiлерi бар көлiк құралын басқарғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды. 5-29 ақпан аралығында қала аумағында «Қауіпсіз жол» республикалық жедел алдын алу іс-шарасы өткізіліп жатыр. Іс-шара басталғалы мемлекеттік нөмірлік белгілерсіз көлікті басқарғаны үшін 10 жүргізуші, тиісті рұқсатсыз қайта жабдықтағаны үшін 12, мемлекеттік техникалық тексеруден өтпеген 92 автокөлік иесі анықталды.