Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты мекемеде сотталғандарға психологиялық тренинг өткізілді
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты мекемеде сотталғандарға психологиялық тренинг өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №68 мемлекеттік мекемесінде жазасын өтеуші сотталған азаматтарға «Менің болашақ өмірім», «Бостандықтан кейінгі өмірім», «Менің отбасым», «Менің мақсаттарым» тақырыбында мекеменің психолог мамандарымен бірлесіп психологиялық тренинг өткізілді.
Тренингтің басты мақсаты – сотталған азаматтардың ең әуелі психологиялық тұрғыда көңіл күйін көтеру. Сондай-ақ кейбір жазасы аяқталуына санаулы уақыттар қалған сотталған азаматтарға бостандықтан кейінгі өмірі мен мақсаттарын, жоспарын білу негізінде сурет салғызып, ойларын парақ бетіне түсіртті.
Сотталған азаматтардың өмірге деген көзқарасын дамыту, олардың өздеріне деген сенімділікті нығайтуға бағыт-бағдар беру үшін ұйымдастырылған тренингте психолог мамандар сотталғандармен жаттығулар мен психодиагностикалық зерттеу жұмыстарын жүргізді. Жазасын өтеушілер тренингке белсенділікпен қатысып, өз ойларын ортаға салып, жасаған қателіктеріне өкініп, бостандықтың қадірін кеш түсінгендерін жеткізді.
– Сот үкімімен мекемеге жазасын өтеуге жіберілген әрбір азаматпен келген күннен бастап үздіксіз жұмыс жасаймыз. Психологиялық көмек, түрлі тренингтер өткіземіз. Шалыс басып, темір торға тоғытылған жандармен психологиялық жұмыстар жасау барысында өмірге деген көзқарастары өзгеріп, болашаққа сеніммен қарай бастайды. Бұл жерде жазасын өтеп жатқандардың да тағдырлары да әр түрлі. Көбіне абайсызда жол-көлік оқиғасын жасағандар жазасын өтейді. Мекемедегі жазасын өтеушілердің барлығына бірдей қарап, көмек көрсетеміз, – дейді мекеменің психолог маманы А.Мырзалы.