Астана полицейлері контейнерден 16 электр моторын ұрлағандарды анықтады
Астана полицейлері контейнерден 16 электр моторын ұрлағандарды анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қылмыс таңертең сағат 05:00-де болған. Қала тұрғыны полицияға жүгініп, белгісіз адамдар 1,5 миллион теңге материалдық шығын келтіріп, 40 тонналық контейнерден жеке мүлкін ұрлап кеткені туралы арызданған.
Жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Байқоңыр ауданы ПБ криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері ұрлық жасауға қатысы бар 19 және 22 жастағы азаматтарды анықтады. Жастар контейнердің құлпын бұзып, 16 электр моторын алып шыққаны белгілі болды. Ұрланған затты олар көлікке тиеп, металды қабылдау пунктіне тапсырған.
Аталған фактіге қатысты ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ұсталған азаматтар мойындау көрсетпелерін берді, заттай дәлелдемелер тәркіленді, олардың елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.