Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Таразда синтетика жасырумен айналысқан есірткі курьері қолға түсті

Таразда синтетика жасырумен айналысқан есірткі курьері қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жамбылдық полицейлер 5 күн көлемінде өткізілген республикалық Тосқауыл жедел-профилактикалық іс-шарасының қорытындысын шығарды. Полиция қызметкерлері барлығы 11 есірткі құқық бұзушылығын анықтады.

Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Әлім Бажықбаев 5 келі 178 гр есірткі заттары тәркіленгенін хабарлады. Оның ішінде 109 гр синтетика және 4 келі 842 гр – қара нарықта құны 10 миллион теңгеден асатын үнді қарасора сортындағы кептірілген марихуана алынды.

Жедел уәкілдер Telegram каналы арқылы есірткі сатумен айналысқан 26 жастағы Тараз тұрғынын ұстады. Ол мефедрон, альфа-РVP синтетикалық есірткі заттарын грамдап орап, облыс орталығының аумағында жасырын орындарға қойып кетумен айналысқан. Оның пәтерінде балконнан 108 грамм синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді. Сондай-ақ есірткіні жарнамалайтын 31 интернет-сайт бұғатталған.

Жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде алаяқтық фактілері бойынша республикалық іздеуде жүрген үш күдікті ұсталды. Жамбыл облысы ҚАЖД-мен бірлесіп, колонияларға қоршаудың сыртынан есірткі лақтырудың 2 дерегінің жолы кесілді.

Көші-қон қызметімен бірлесіп көші-қон заңнамасының бұзылуын анықтау бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізілді, оған 80 полиция қызметкері жұмылдырылды. Барлығы 123 шетелдік азамат қамтылды, оның 46-сына қатысты әртүрлі заң бұзушылықтар жасағаны үшін әкімшілік хаттамалар толтырылды, 11 факт бойынша елден шығару үшін материалдар дайындалды.

65 профилактикалық іс-шараға 3 мыңнан астам колледж, ЖОО, мектеп оқушылары қатысты. Қоғамдық орындарда есірткіге қарсы тақырыпта 2000-ға жуық брошюралар таратты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру