Жетісу полициясының басшысы өңірдің барлық қалалық және аудандық бөліністерінің жеке құрамымен кездесті
Жетісу облысы полиция департаментінің бастығы Сарқытбай Құсайынов ардагерлер кеңесінің мүшелерімен бірге өңірдің барлық қалалық және аудандық бөлімдерінің жеке құрамымен жұмыс кездесулерін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жеке құрамға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ішкі істер органдары алдына қойған тапсырмалары, атап айтқанда, азаматтардың құқықтық санасы мен мәдениет деңгейін арттыру мәселесі, сондай-ақ ІІМ басшылығының заманауи тәртіп сақшыларына тиісті тәртіп пен заңдылықты сақтау жөніндегі барлық негізгі талаптары жеткізілді.
– Сыбайлас жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік, тәртіп пен этиканы қатаң сақтау – бұл әрбір тәртіп сақшысы үшін қызметте де, одан тыс уақытта да ұстануға тиіс қағидалар. Заманауи полиция қызметкерлеріне еліміздің және Ішкі істер министрлігінің басшылығымен қызмет өткеру үшін оңтайлы жағдайлар жасалып жатыр. Осыған орай, офицерлер мен сержанттар қоғам мен мемлекет игілігіне еңбек етіп, осы аталған талаптарға барынша сәйкес болулары міндетті, – деп атап өтті Сарқытбай Құсайынов.
Бұдан бөлек күн тәртібінде полиция мен ардагерлер ұйымдарының өзара іс-қимылы, зейнетке шыққан ардагерлер мен олардың отбасы мүшелеріне қолдау көрсету, сондай-ақ жас қызметкерлерге патриоттық тәрбие беру мәселелері қаралды.
Облыстың бас полицейі жиын қатысушыларына қызметкерлерді тәрбиелеуде ардагерлер ұйымдарының әлеуетін кеңінен пайдалануды, жаңадан қабылданған жастарды қызмет жағдайына бейімдеу мәселелеріне баса назар аударуды ұсынды.
Ұжымдағы моральдық-психологиялық ахуал мен жеке құрамның жедел тапсырмаларды тиімді орындауға дайындығы талқыланды.
Полиция басшысы сапар барысында бөліністердің материалдық-техникалық қамтамасыз етілуі мен жабдықталуын тексеріп, қызметкерлердің жұмысымен және полицияның «сервистік» тәсілін енгізу нәтижелерімен танысты.
– Жақсы материалдық-техникалық қамтамасыз ету мен қызметкерлердің жұмыс жағдайын жақсарту олардың қылмыстарды ашу және азаматтардың құқықтарын қорғау бойынша жұмысты әлде қайда тиімді жүргізуіне мүмкіндік береді, – деп атап өтті Сарқытбай Құсайынов.
Қалалық және аудандық бөліністердің барлық басшыларына қоғамдық тәртіпті сақтау, азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау, жеке құрам арасында сыбайлас жемқорлыққа жол бермеу мақсатында шараларды күшейту жөнінде нұсқау берілді. Мал ұрлығы мен алаяқтық қылмыстарымен күресуге, сондай-ақ жол-көлік оқиғаларын алдын алуға да ерекше назар аударылды.