Абай облысының полицейлері жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушіге көмектесті
Абай облысының полицейлері жолда қиын жағдайға тап болған жүргізушіге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жол-көлік оқиғаларының алдын алу, жүргізушілер мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында өңірдің барлық бағыттағы автожол мен трассаларда тәулік бойы патрульдік полиция ротасының қызметкерлері қызмет атқаруда. Түнде аймақта ауа райының нашарлауы туралы хабарланды. Семей – Алматы тасжолында жүргізуші қатты жел мен көктайғаққа байланысты рөлді басқара алмай, жолдың жиегіне шығып кеткен.
Жетісу тұрғыны Аягөз қаласына қарай бет алды. Түнде трассадағы көлік ағыны айтарлықтай төмендегендіктен жүргізушілерге көмектесетін ешкім болмаған. Қуанышқа орай, жүргізушіге трассаны тексеріп жүрген патрульдік полиция ротасының инспекторлары көмектесе алды. Олар жол жиегінен жеңіл көлікті шығаратын техникаға үшін жолды күрекпен тазалады.
Жүргізуші көмекке дереу келген тәртіп сақшылары мен жол қызметіне алғысын білдірді.