Балалар қауіпсіздігі: Абай облысында полицейлер алдын алу жұмыстарын күшейтті
Абай облысында полицейлер қауіпсіздік мен құқық бұзушылықтардың алдын алу мәселелеріне тоқталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жаңа оқу жылында Абай облысында 100 мыңнан астам оқушы мектеп парталарына отырды. Осыған орай полиция департаментінде 2026–2027 оқу жылында кәмелетке толмағандардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытындағы жұмыстарды ұйымдастыру мәселелеріне арналған жұмыс кездесуі өтті. Жиынды полиция департаменті бастығының орынбасары Жасұлан Байкенов өткізді.
Кездесу барысында ювеналдық полиция инспекторларының жаңа оқу жылындағы негізгі жұмыс бағыттары талқыланды. Атап айтқанда, инспекторлардың өздеріне бекітілген білім беру ұйымдарындағы ахуалды зерделеуі, оқушылардың әлеуметтік жағдайына назар аударуы және мектеп әкімшілігі мен психологтармен тұрақты өзара байланыс орнатуының маңыздылығы айтылды.
– Балалардың қауіпсіздігіне қатысты мәселелерде алдын алу жұмыстары жүйелі әрі тұрақты жүргізілгені маңызды. Әр инспектор өзіне бекітілген білім беру ұйымындағы жағдайды, оқушылардың әлеуметтік ортасын жақсы білуі қажет. Полицейлердің мектеп әкімшілігімен, педагогтермен және психологтармен бірлескен жұмыс балаларға дер кезінде қолдау көрсетіп, түрлі тәуекелдердің алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Жасұлан Байкенов.
Жиын барысында білім алушылардың жолдағы қауіпсіздігі, білім беру ұйымдарындағы қауіпсіздік шараларының ұйымдастырылуы, дабыл түймелері мен бейнебақылау жүйелерінің жұмыс жағдайы да қаралды.
Сонымен қатар жасөспірімдер арасында есірткіге байланысты құқық бұзушылықтардың, интернет-алаяқтық пен буллингтің алдын алу, сондай-ақ діни экстремизмнің алдын алуға бағытталған түсіндіру жұмыстарын жүргізу мәселелеріне көңіл бөлінді.
Әлеуметтік қолдауды қажет ететін, профилактикалық бақылаудағы, сондай-ақ толық емес және әлеуметтік жағдайы күрделі отбасыларда тәрбиеленіп жатқан балалармен жеке профилактикалық жұмыстарды жалғастырудың маңызы да атап өтілді. Мұндай жағдайда әр баланың жеке ерекшеліктері мен өмірлік жағдайын ескере отырып, оған қажетті қолдау көрсетуге басымдық берілмек.
– Әр балаға жеке көзқарас қажет. Жасөспірімнің тұрмыс жағдайын, оның ортасын және мектептегі ахуалды ескере отырып жұмыс жүргізу маңызды. Басты мақсат – қандай да бір құқық бұзушылықтың болғанын күтпей, оның алдын алу және балаға қажетті қолдауды дер кезінде көрсету, – деп атап өтті Жасұлан Байкенов.
Кездесу барысында ювеналдық полиция инспекторларының білім беру ұйымдарымен және кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алуға атсалысатын басқа да ұйымдармен өзара іс-қимылын одан әрі нығайту мәселелері талқыланды.
Сондай-ақ полиция қызметкерлерінің қызметтік тәртіп пен заң талаптарын сақтауына, азаматтармен қарым-қатынаста әдеп нормаларын ұстануына және қызмет барысында адалдық қағидаттарын басшылыққа алуына назар аударылды.
