Атырауда 75 оқушы "Жас сақшы" қатарына қосылды
Атырауда жасөспірімдерге патриоттық тәрбие беру, олардың құқық қорғау саласына қызығушылығын арттыру және полиция қызметкерлерінің ерлігін дәріптеу бағытындағы "Жас сақшы" полиция сыныптарының қатары толықты, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Бүгін қаладағы Д. Қонаев атындағы Binom School, Әл-Фараби атындағы Binom School және Jayik Binom School мектеп-лицейлерінде қызметтік міндетін атқару кезінде ерлікпен қаза тапқан полиция аға сержанты Шалқар Ақымғалиевтің, милиция майоры Асқар Бисекеновтің және полиция кіші сержанты Нұрберген Өтемісовтің есімдері берілген "Жас сақшы" сыныптары ашылды.

Салтанатты шараға Атырау облысы полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев, департамент басшылығы, қаза тапқан полицейлердің аналары мен жұбайлары, ішкі істер органдарының ардагерлері, білім беру саласының өкілдері, ұстаздар мен оқушылар қатысты.

Шара барысында ерлікпен қаза тапқан полицейлердің өмір жолы мен қызметі таныстырылып, олардың Отанға адалдығы, антына беріктігі және ел тыныштығын қорғаудағы ерлігі жас ұрпаққа үлгі екені атап өтілді.

Полиция департаментінің бастығы Оңал Бекеев жастардың бойында отансүйгіштік, жауапкершілік, тәртіп пен заңға құрмет сезімін қалыптастырудың маңыздылығына тоқталды.
— Бүгінгі жасөспірімдер — ертеңгі ел тірегі. "Жас сақшы" сыныптары оқушыларға тәртіп пен жауапкершілікті үйретіп, полиция қызметінің ерекшеліктерімен танысуға және болашақ мамандығын саналы таңдауға мүмкіндік береді. Ерлікпен қаза болған әріптестеріміздің есімін иеленген сыныптарда олардың өмірі мен қызметін үлгі ету жас ұрпақ үшін маңызды, — деді Оңал Бекеев.
"Жас сақшы" сыныптарының негізгі мақсаты — оқушылардың құқықтық сауаттылығын арттыру, патриоттық құндылықтарды қалыптастыру, қоғамдық тәртіп пен заңды құрметтеуге тәрбиелеу.
Оқушылар арнайы бағдарлама бойынша саптық дайындық, алғашқы медициналық көмек, құқықтық сауаттылық және әскери-патриоттық тәрбие бағыттарында білім алады. Сонымен қатар спорттық, танымдық және тәрбиелік іс-шараларға қатысады.
Бүгінде Атырау облысында "Жас сақшы" кадет сыныптарының саны 14-ке жетіп, қозғалыс мүшелерінің жалпы саны 225 оқушыны құрады. Бүгін олардың қатарына тағы 75 оқушы қосылды.
Шара соңында жас сақшыларға куәліктер табысталып, олар салтанатты түрде ант қабылдады.
"Жас сақшы" қозғалысы жасөспірімдердің бойында елге қызмет ету, заңды құрметтеу және қоғам алдындағы жауапкершілік сияқты маңызды қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған. Сонымен қатар оқушыларға құқық қорғау саласының ерекшеліктерімен танысып, болашақ мамандығын саналы түрде таңдауға мүмкіндік береді.
