Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қызылорда облыстық ПД бастығының міндетін атқарушы тұрғындарға онлайн режимде есеп берді

Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы онлайн режимде облыс тұрғындарына есеп берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Қызылорда облысы полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы Ілияс Жұмағұлов облыс тұрғындары алдында есептік кездесу өткізді. Ілияс Жұмағұлов атқарылған жұмыстың нәтижесі сараланған есептік кездесу барысында тікелей эфирде тұрғындардың сұрақтарына жауап берді. Сондай-ақ жылдың басында Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Ішкі істер министрлігінің кеңейтілген алқа мәжілісіне тоқталды.

– Алқа мәжілісінде Президент «Заң және Тәртіп» қағидатын біржола орнықтыруда полиция айрықша рөл атқаратынын, мемлекетте заң талаптары мүлтіксіз орындалуы керектігін және заң бұзған кез келген адам жазасын алуға тиіс, – деп атап өтті. Мемлекет басшысының пікірінше, құқықтық сауаттың төмен болуы жағымсыз үрдістердің белең алуына әкеп соқтырады. Ел ішіне іріткі салатын, қауіп төндіретін әрекеттерді ақтауға қатаң тосқауыл қою керектігін, құқықтық нигилизмге, яғни заң үстемдігін жоққа шығаруға жол берілмеуге тиістігін, заңға деген құрмет адал азаматқа тән қасиеттің бірі ретінде дәріптелуі қажет екендігін айтып, бұл – мемлекеттік органдарға ғана емес, барша халыққа ортақ міндет деп санайтынын жеткізді. Заң мен тәртіптің үстемдігін қамтамасыз ету – Әділетті Қазақстанды құрудың басты шарты деп, құқық қорғау органдарына құқық бұзушылықтың алдын алу мәселесіне баса мән беруді міндеттеді. Сонымен қатар, қоғамның талап-тілегіне құлақ асып, шұғыл әрекет ете білетін полицияның сервистік моделінің негізгі қағидаттарын іс жүзінде жүзеге асыру қажеттігін айтты.Осы ретте, біздің тарапымыздан Мемлекет басшысымен алға қойылған міндеттердің сапалы орындалуына, елімізде заң үстемділігі мен әділдікті сақтауда нақты нәтижелерге бағытталған шаралар қабылдануда, – деді Жұмағұлов.

Сонымен қатар ол қылмыстық ахуал мен қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу бағытындағы атқарылған жұмыс туралы айтып өтті. Өткен жылы облыс көлемінде қабылданған шаралар нәтижесінде қылмыс саны төмендеп, қылмыстық ахуалдың тұрақты екендігін сөз етті. Қазіргі уақытта отбасыдағы зорлық-зомбылық тақырыбы ең өзекті мәселелердің бірі. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық деңгейін төмендету бойынша белсенді қадамдар жасалуда. Өткен жылы облыс тұрғындарынан отбасы тұрмыстық қарым-қатынастар саласындағы 5156 арыз қаралып, 651 азаматқа ерекше талаптар белгіленіп, 2249 қорғау нұсқамасы шығарылды.

Қылмысқа жол бермеуге бағытталған «Тұрмыс», «Қадағалау», «Зорлық-зомбылыққа жол жоқ»,
«Профилактика апталығы», «Квадрат», «Алкоголь» профилактикалық шаралары ұйымдастырылды.

Өткен жылы жасөспірімдермен жасалған 68 қылмыс тіркеліп, 84 жасөспірім қылмыстық жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде 24 мектеп оқушысы, 52 колледж студенті, 8-і жұмыссыздар немесе еш жерде оқымайтындар. Түнгі уақытта заңды өкілсіз ойын-сауық және тұрғын жайдан тыс жерде жүрген 5745 жасөспірімнің ата-анасы әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Міндеттерін орындамаған 363 ата-анаға әкімшілік хаттама рәсімделіп, полиция есебіне 143 жасөспірім алынды. Рейдтік шаралар барысында түнгі уақытта ойын-сауық мекемелерінде болуына жол берген 137 кәсіпкер, жасөспірімге алкоголь өнімін сатқан 10 сатушы анықталды.

Тікелей эфирде есеп беру барысында Ілияс Жұмағұлов тәртіп сақшылары мен халық арасындағы өзара іс-қимылды жандандыру полиция қызметінің ашықтығы мен тиімділігін арттыратынын алға тартты. Сондай-ақ тұрғындардың сауалдарын, толғандырған мәселелерін мұқият зерделеп, түйткілді мәселелерін жақын арада шешуге тырысатынын жеткізді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру