Түркістан облысының полицейлері ағаш отырғызу жұмыстарын жүргізді
Елімізде Ұлыстың ұлы күнін мерекелеу қарсаңында 10 күнге арнайы іс-шаралар кешені бекітілді. Наурызнаманың онкүндігі бойынша Түркістан облысының полицейлері белсенділік танытып, әрбір күнде көрсетілген салт-дәстүрді ұлықтап, игі шаралар атқарып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 наурыз – күн райының ыңғайына қарай ағаш отырғызу, қоршаған ортаға қамқорлық танытып, тазалық жұмыстарына көңіл бөлінетін күн! Осы ретте облыс сақшылары өздерінің қауырт жұмыстарынан уақыт тауып, тазалық жұмыстарын жүргізіп, ағаш отырғызу рәсімін өткізді.
Мәселен Жетісай ауданының полицейлері бұл игі іске белсене қатысып, полиция бөлімінің аумағы мен көшелерге жеміс ағашы, гүл көшеттері, жасыл желек отырғызып, сондай-ақ ағаштардың түбін ақтап, аумақты қоқыстан тазартты. Сонымен қатар Сауран ауданының полицейлері де аудандық полицияның ғимараты ауласында тал егіп, ауданның инфрақұрылымын жақсартуға өз үлестерін қосты.
Сондай-ақ бұл игі шараға Отырар, Сарыағаш ауданының полицейлері де ат салысып, аудандағы жасыл желек санының артуына өз септігін тигізді.
Тәртіп сақшылары отырғызған жаңа көшеттер – жаңа идеялар, ел дамуының жаңа кезеңі деп біледі.