Түркістан облысының полицейлері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тосынсый әзірледі
Түркістан облысының полицейлері балалар үйінің тәрбиеленушілеріне тосынсый әзірледі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан облысының полицейлері өмірдің түрлі сынағына тап болған балаларға үнемі қолдау көрсетеді: оның ішінде ата-ананың мейірімін көрмеген кішкентай достарына көңіл бөлуді дәстүрге айналдырған балаларға.
Мәселен, Түркістан облысы ПД патрульдік полиция батальонының бастығы Қанат Рақышевтың бастамасымен, оның жеке құрамының ұйымдастыруымен «Түркістан облысының өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығындағы» ұл-қыздарға арналып мерекелік тосынсый әзірленді.
Нақтырақ айтсақ, тәртіп сақшылары Сайрам ауданындағы мекеме тәрбиеленушілерін мегаполистегі жайлы, заманға сай, әдемі көрінісі бар тамақтану орнына апарды. Онда балалар өз үйлерінде жүргендей сезініп, қалаған тағамдарына тапсырыс берді. Полицейлер дайындаған мультфильм кейіпкерлерімен би билеп, ән салды. Түрлі қызық ойындар ойнап, есте қаларлықтай күн өткізді.
– Мереке құтты болсын! Сіздерге көтеріңкі көңіл-күй сыйлау үшін барлығымыз бірдей ат салысып отырған жайымыз бар. Алдағы уақытта тек жақсы күндеріміз, жақсы сәттеріміз көп болсын, – деді Қ.Рақышев
Аталған мекемеде бүгінде 36 бала тәрбиеленуде. Оның үлкені 17 жаста болса, ең кішісі – 3 жаста. Мәз-мейрам күйде қуанып жүрген бүлдіршіндер ұйымдастырушыларға алғыстарын айтты. Бір күндік шара балаларға мерекелік көңіл-күй сыйлап, бойларына рухани азық берді. Алдағы уақытта мұндай шаралар полиция тарапынан жалғасын табатын болады.