Ұландық жауынгерлер арасында «Көшпенділер сарбазы» сайысы өтті
Елордадағы 5573 әскери бөлімінде Ұлттық спорт күніне орай «Көшпенділер сарбазы» атауымен армлифтингтен мерзімді әскери қызметшілер арасында ашық форматтағы жарыс өтті. Әскери бөлімнің сарбаздары арасында өткен сайысты ҚР ішкі істер министрлігінің орталық әскери-тергеу басқармасы ұйымдастырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға «Көшпенділер сарбазы» жобасының авторы, ауыр атлетикадан спорт шебері, әлем кубогының жүлдегері, төрт мәрте Гиннесс рекордын орнатқан ІІМ орталық әскери-тергеу басқармасының аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Бауыржан Камалиев арнайы барды.
– Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Ішкі істер министрлігі әскери қызметшілер арасында спорттық-прафилактикалық жұмыстарды күшейтуге атсалысып жүр. Сондықтан да «Көшпенділер сарбазы» атауымен армлифтингтен жалпы әскери бөлімдер арасында спартакиадалық ойындар өткізіп келеміз. Алдағы уақытта Қазақстанның барлық өңірін қамту жоспарда бар. Содан кейін іріктеуден өткен жауынгерлерді Бурабай баурайына жинап, барлық әскер арасынан чемпионды анықтаймыз, – деді Бауыржан Камалиев.
Жарысқа елорданың жедел бригадасына 2023 жылдың екінші жартысында қосылған сарбаздар қатысты. Мұндағы басты мақсат – жеке құрамның спорттық қабілеттерін арттыру, сарбаздардың бойындағы патриоттық рухты ояту. Сондай-ақ жалпы әскер арасындағы жарысқа қатысушыларды іріктеу көзделген.
– «Көшпенділер сарбазы» сайысына қатысушыларды іріктеу бойынша бұған дейін де бірнеше әскери бөлімдерде болдық. Оның ішінде Ұлттық ұлан академиясы мен өзге де әскери бөлімдер бар. Ұлттық спорт күні қарсаңында елордада әскери бригадаға табан тіреп отырмыз. Жауынгерлер өздерінің қуатты әрі күшті екендіктерін дәлелдеп берді, – деді ІІМ әскери-тергеу департаментінің аса маңызды істер жөніндегі аға жедел уәкілі Саят Дүйсенбаев.
Сайысқа әскери бөлім ішінен іріктелген 25 сарбаз қатысты. Армлифтингтен жарысқа түскен жауынгерлер бес кезеңнен өтті. Әр кезең сайын қатысушылар саны да азайып отырды. Олар спорттық жаттығуларға арналған ауыр темірлерді күрделі тәсілдер арқылы еңсеруге тырысты.
Бәсекеге толы жарыста әскерге Шымкент қаласынан шақырылған қатардағы Мәулет Әмірсейіт жеңімпаз атанды. Тараздық қатардағы Нұржан Балғабаев екінші орын иеленді. Ал үштікті Қостанай қаласының тумасы, қатардағы Вадим Кутищев түйіндеді. Жеңімпаздарға ІІМ әскери-тергеу департаментінің бастығы М.Шәкеровтің атынан арнайы грамота мен естелік сыйлықтар табысталды.
– Бүгін сіздер біздің сарбаздарға мерекелік көңіл күй сыйладыңыздар. Күшті қажет ететін спорт түрлері жауынгерлердің рухын көтереді. Сонымен қатар сарбаздарымыздың жауынгерлік қызметтегі имиджін арттырады. Сол себепті сіздерге барлық жеке құрам атынан және 5573 әскери бөлімінің командирі Аян Есжановтың атынан алғыс білдіреміз, – деді әскери бөлім командирінің ТжӘҚЖ жөніндегі орынбасары Тимур Рахимов.