Жетісу облысында полиция ауыз бекіткендерге су мен құрма таратты
Жетісу облысы Панфилов ауданының полицейлері «Ораза ұстаған адамның шөлін қандыру» акциясын өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Панфилов ауданы ПБ анықтаушылары қасиетті Рамазан айында ауыз ашар кезінде жолда келе жатқан ауыздары берік жүргізушілер мен жолаушыларға арнап жүз дана су мен құрма жинағы таратылды.
– Іс-шараның мақсаты – жүргізушілерге уақытылы ауыз ашуға көмектесіп, қосымша көлік жүргізу кезінде жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы туралы түсіндіру. Сонымен қатар, бұл жолдағы апаттылықтың алдын алудың бір жолы. Себебі дәл осы уақытта ораза ұстаушылар үйге асығады, – деп атап өтті Панфилов АПБ бастығының орынбасары Ернар Қалтаев.
Осы профилактикалық акцияны өткізу кезінде қызметкерлер ораза ұстаған барлық көлік жүргізушілерін ҚР жол жүру ережелерін бұзбауға, рұқсат етілген жылдамдық режимінен аспауға шақырды және оларды үйлерінде отбасылары күтіп отырғанын еске салды.
ІІО қызметкерлерінің жас буыны да шетте қалмай, акцияға белсенді қатысты. Жас тергеушілер мен анықтаушылар өздерінің тәлімгерлеріне көмектесті.
– Жастарды әрекет ету арқылы үйрету керек. Себебі оларға тек ауызша нұсқаулар ғана емес, көздерінше азаматтарға көмек пен қолдау беріп үлгі көрсету қажет. Шынайы игі істер жасай отырып, біз бір-бірімізге жақындай түсеміз, – дейді Е. Қалтаев.
Осындай іс-шаралар барлық қалалық және аудандық полиция бөлімшелерінде өткізіліп жатыр.