Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ұландық жауынгерлер тасқынға қарсы күреске атсалысып жатыр

Ұландық жауынгерлер тасқынға қарсы күреске атсалысып жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Көктем келіп, қысқы қар еріген кезде елдің көп бөлігінде су тасқыны қаупі туындайды. Осындай өңірлердің қатарында Батыс Қазақстан облысы бар. Қазіргі уақытта өңірде ауа температурасы жоғарылап келеді. Сондықтан қар күрт ери бастайды, салдарынан қалалар мен шағын елді мекендерді су басу қаупі төніп тұр. Осыған байланысты өңірде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізіліп, бөгендер салынып жатыр. Бұл жұмыстарды атқаруға Ұлттық ұлан сарбаздары да көмектесіп жүр.

Орал қаласында орналасқан Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының «Батыс» өңірлік қолбасшылығына қарасты 5517 әскери бөлімінің жеке құрамы су басу қаупі жоғары жерлерде арнайы тосқауыл соғып, көшелер мен аулаларға жиналған қарды шығаруға атсалысып жатыр. Сондай-ақ судың өз арнасы арқылы ағып кетуі үшін арықтарды тазартып жатыр.

– Бұл іске атсалысу біздің міндетіміз дегім келеді. Ұлттық ұлан жауынгерлері әрқашан халыққа көмектесіп, кез келген қиындықтың алдын алуға күш-жігерін салады, – деді 5517 әскери бөлімі батальонының командирі Жасұлан Көрпешов.

Айта кетейік, тұрғын үйлерді су басу қаупін жою мақсатында Ұлттық ұланның 100-ге жуық әскери қызметшісі еріген қар суларына жасанды тосқауыл жасап жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру