Ақтөбелік инспектор су тасқынына тап болған отбасыны құтқарып қалды
Ақтөбе облысындағы Саралжың ауылдық округінің учаскелік инспекторы сеңді су тасқынына тап болған көпбалалы отбасын құтқарды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қараңғы түнде қауіп-қатердің ортасында қалған көпбалалы әке құтқарушыларына алғысын жеткізді.
Ойыл ауылының тұрғыны түнгі уақытта жұбайымен және кәмелетке толмаған сегіз баламен бірге автокөлікпен ауылдан Ақтөбе қаласына қарай шыққан. Алайда ауылдан алыстағаннан кейін көлік көзді ашып-жұмғанша қарқыны қатты сеңді су тасқынының ортасында қоршауда қалған.
Суға батқан көлікте бала-шағасымен қалған ол жақын жердегі Кемер ауылының тұрғындарына қоңырау соғып көмек сұраған.
Көмекке ауыл азаматтарымен бірге Саралжың ауылдық округінің учаскелік полиция инспекторы жетіп, дереу құтқару жұмыстарына кіріскен.
Қиын жағдайда қалған отбасы туралы хабарламаны алған соң, көмекке жылдам жеткендер бірнеше техниканы жұмылдырып, сеңнің жолын бөгеп, бір сағатқа жуық уақыт ішінде балалар мен ата-анасын су ортасынан аман-сау алып шығып, қауіпсіз жерге жеткізген.
– Ауылдың белсенді тұрғындары Саралжың ауылының учаскелік полиция инспекторы Есболат Әділхановтың көлігімен келіп, бір метрдей тереңдіктегі мұзды суды кешіп жүріп бізді құтқарды. Кемер ауылының тұрғындары мен учаскелік полиция инспекторы Есболат Әділхановқа отбасымызбен алғысымыз шексіз. Осы азаматтардың ерлігінің арқасында бала-шағам аман қалды, – дейді көпбалалы әке.