Жыл басынан бері Жетісуда жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 20 фактісі анықталды
Жыл басынан бері Жетісуда жер қойнауын заңсыз пайдаланудың 20 фактісі анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық табиғатты қорғау полициясының қызметкерлері өңірдің көліктік бақылау инспекциясымен бірлесіп экологиялық қылмыстарды анықтау және жер қойнауын өз бетінше пайдалану бойынша рейдтік іс-шаралар жүргізді. Осы мақсатта бүкіл облыста жұмыс істейтін арнайы мобильді топтар құрылды. Баса назар құмды, қиыршық тасты, сазды заңсыз өндіруге және шығаруға аударылды.
– Жыл басынан бері жер қойнауын пайдалану саласындағы бұзушылықтардың, атап айтқанда құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндірудің 20 фактісі анықталды. Заңсыз тасымалдаған барлық жүк көліктері айыппұл тұрағына қамалды, – деп атап өтті облыстық табиғатты қорғау полициясының бастығы Бағлан Рымжанов.
Осы фактілер бойынша тиісті материалдар жиналып, заңды шаралар қабылдау үшін экология департаментіне жіберілді. Айта кетейік бұл бағыттағы жұмыс полиция қызметкерлері мен жергілікті атқарушы органдардың күн тәртібінен шықпайды, ал арнайы іс-шаралар бүкіл облыс бойынша жалғасатын болады.
Полиция азаматтарды құқық қорғау органдарына жер қойнауын пайдалану, оның ішінде инертті материалдарды заңсыз өндіру және шығару фактілері туралы хабарлауға шақырады.