Астанада полиция тұрғынды тонаған күдіктіні анықтады
Астанада полиция тұрғынды тонаған күдіктіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тәртіп сақшылары әйелді тонаған жігітті ұстады. Полицияға шағымданған 43 жастағы қала тұрғыны оқиғаның мән-жайын айтып берді. Ол түнгі уақытта Қонаев көшесінің бойындағы аулалардың бірінде келе жатқан. Сол кезде артқы жағынан ер адамның келе жатқанын байқаған. Одан кейін әлгі ер кісі кенеттен қолындағы әмиянын жұлып алып, қашып кеткен. Жәбірленушіге келтірілген шығын 105 мың теңгені құрады.
Есіл ауданы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде 31 жастағы күдіктіні ұстады.
Қазақстан Республикасы Қылмыстық Кодексінің 191-бабы (Тонау) бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Күдікті өз кінәсін мойындады. Оның елордаға Павлодар облысынан келгендігі және бұрын ұрлық жасағандығы үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғандығы анықталды. Полиция қызметкерлері оның басқа қылмыстарға қатысы бар-жоғын тексеріп жатыр.