Алматы академиясының өкілдері қызылордалық оқушылармен кездесті
Қызылорда облысы полиция департаментінің тәрбие және кадр жұмысы басқармасы бастығының орынбасары Асқар Балқожаев және М.Есболатов атындағы Алматы академиясы өкілдерінің қатысуымен бірлескен ауқымды шара өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Шараға облыс орталығының 300-ден астам оқушысы қатысты. Алматы академиясының факультет бастығы Қанатбек Тілеубердиев және кафедра бастығы Айболат Маймақов болашақ түлектерге үгіт-насихат жұмыстарын жүргізіп, аталмыш оқу орнында білім алуға кеңес берді.
Қазақстан Республикасы ІІМ М.Есболатов атындағы Алматы академиясы ішкі істер органдары үшін болашақ полиция қызметкерлерін даярлауды жүзеге асыратын жоғары арнаулы оқу орны болып саналады. Оқуға 16 жасқа толған, орта және арнайы орта білімі бар Қазақстан Республикасының азамат және азаматшалары қабылданады. Оқу орнын бітірген соң түлектерге жоғары білім дипломы және полиция лейтенанты арнайы атағы беріледі.
Алматы академиясының өкілдері талапкерлерге қажеттi маңызды мәлiметтер берiп, аталған академияда оқудың артықшылықтарына тоқталып өтті. Мектеп бітіруші түлектермен пікір алмасып, ойларымен бөлісті. Сонымен қатар оқушыларға аталған оқу орнына қабылдау тәртібі мен шарттары жан-жақты түсіндірілген буклеттер таратылып, бейнеролик көрсетілді.