Түркістан облысының полицейлері шымкенттік жолаушыдан 5 қап марихуана тәркіледі
Түркістан облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, аса ірі мөлшердегі есірткіні заңсыз тасымалдау фактісінің жолын кесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Нақтырақ айтсақ, полиция қызметкерлері Батыс Қытай – Батыс Еуропа трассасының 601-шақырымында Ford Focus автокөлігін тоқтатты. Жедел уәкілдер көліктің жүк салғышынан жолаушыға тиесілі ішінде есірткіге ұқсас заты бар 5 қапты тауып, тәркіледі.
Алынған заттар сараптамаға жіберілді. Оның қорытындысына сәйкес тәркіленген зат салмағы 80 келіге жуық марихуана есірткісі екені анықталды. Күдікті бұрын есірткі сақтағаны үшін сотталған Шымкент қаласының тұрғыны болып шықты.
Қазіргі уақытта осы факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Күдікті қамауға алынды. Тергеу жүргізіліп, барлық жағдайлар анықталып жатыр.