Петропавлда полиция қала көшелерін қайықпен патрульдеуге көшті
Петропавлда полиция қала көшелерін қайықпен патрульдеуге көшті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Петропавлда қалалық және облыстық полиция қызметкерлері су басқан Ойқала шағын ауданын тәулік бойы патрульдеп жүр.
Петропавл қалалық ПБ бастығы Марат Жұмалиевтың айтуынша, тек осы аудан ғана емес, су астында қалған көшелер де жіті бақылауда. Тәртіп сақшылары жергілікті атқарушы органдар ұсынған моторлы қайықтарға мініп кезекшілік атқарып жүр.
Су бетінде қалқып жүрген қоршаулар мен жиһаздардың сынықтары қайықтың түбіне тиіп, қозғалтқышқа зақым келтіруі мүмкін. Қатты ағыс та қозғалысты қиындатады.
Полицейлер мен Ұлттық ұланның әскери қызметшілері адамдар қалдырған мүлік қолды болмас үшін күні-түні қала көшелерінде тәртіпті қадағалап жүр, қажет болған жағдайда адамдар мен жануарларды эвакуациялау үшін көмектесуге дайын. Қазіргі уақытта тонау қылмысы тіркелген жоқ.