Кентауда полиция жоғалған екі кішкентай баланы ұйықтап жатқан жерінен тапты
Түркістан облысында екі кішкентай бала ойнап жүрген жерінде ұйықтап қалған. Ағайынды екі баланы полиция қызметкерлері іздеп тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кентау қалалық полиция бөліміне түнгі уақытта жергілікті тұрғын хабарласып, өзінің 3 және 7 жасар ұлдарын таба алмай жатқанын айтып, көмек сұрады. Тұрғынның айтуынша, ұлдары сағат 17:00 шамасында әдеттегідей аулаға ойнауға шыққан, алайда кеш батса да қайтып келмеген. Жақындары бірнеше сағат өздері іздеп таба алмаған.
Оқиға кәмелет жасына толмаған балалардың қауіпсіздігіне қатысты болғандықтан, кентаулық полиция қызметкерлері іздеу шараларына жұмылдырылды. Полиция бірден олардың баруы мүмкін жерлердің барлығын мұқият тексерді. Аулаларды аралап, көрген-білгендерден сұрастырды.
Атқарылған жұмыстың нәтижесінде жоғалған кішкентай ағайын екі бала таңғы сағат 05:30-да оқиға орнынан 1 шақырым қашықтық шамасындағы көпқабатты тұрғын үйдің алдындағы отырғышта ұйықтап жатқан жерінен табылды.
Ұлдарымен аман-есен қауышқан анасы полиция қызметкерлеріне алғысын айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.