Жауынгерлік самбодан ҚР чемпионатында БҚО полицейі І орынды жеңіп алды
Жауынгерлік самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында Батыс Қазақстан облысы ПД ЖҚАЖ полиция қызметкері Құралай Қабырайқызы жүлделі І орынды иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Семей қаласында жауынгерлік самбодан ересектер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионаты болып өтті.
ҚР Туризм және спорт министрлігінің спорт және дене шынықтыру істері комитетінің ұйымдастыруымен өткен сайысқа еліміздің әр өңірінен 450-ден астам балуан 16 салмақ дәрежесінде бақ сынады.
Ерлер мен әйелдер арасында самбо күресінен Қазақстан Республикасының чемпионатында Батыс Қазақстан облысы ПД ЖҚАЖ полиция қызметкері Құралай Қабырайқызы 54 келі салмақ дәрежесінде қатысып, жүлделі І орынды иеленді.
Алдағы уақытта ержүрек қыз Азия, әлем чемпионатында және Дүниежүзілік ойындарда ел намысын қорғайды.
БҚО ПД басшылығы мен әріптестері жауынгер Құралайды жүлделі жеңісімен құттықтап, қызметіне жетістіктер және спортта толағай табыстар тіледі.