Биыл Жамбыл облысының полицейлері еріктілермен бірге 70-тен астам жоғалған жасөспірімді тапты
Жамбыл облысында жыл басынан бері полицейлер еріктілермен бірге 70-тен астам жоғалған жасөспірімді тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Жамбыл облысының полицейлері «Лидер KZ» еріктілерімен бірлесіп, жоғалған кәмелетке толмаған 77 жасөспірімді іздестіріп, олардың 68-ін сол күні тапты.
Статистикалық мәліметке сүйене отырып, полицейлер балалар мен жасөспірімдердің өз бетінше кетуінің негізгі себептерін анықтады. Олар: ата-аналармен жанжал және олардан қорқу, қаңғыбастық, балалардың еркелігі мен жауапсыздығы, кезбелік.
Негізінен мектепте оқитын балалар үйден кетіп қалып жатады, ал колледж студенттерімен сирек орын алады, кетіп қалатындардың 55%-ы қыздар.
Бүгінде Жамбыл облысының полицейлерімен бірге 25 пен 68 жас аралығындағы 50-ден астам ерікті адамдарды іздеуге көмектесіп жатыр.
Тәжірибеге сүйене отырып, жоғалған ересек адамға қарағанда баланы оның мінез-құлқын болжай отырып іздеп табу оңайырақ. Ол үшін полиция мен еріктілер жоғалған адамның туыстарымен сөйлесіп, оның әлеуметтік ортасын, әлеуметтік желілерін зерттеп, сол жерден алғашқы іздеу шараларының негізгі орындарын таңдайды. Ең бастысы оларды мүмкіндігінше тез бастау керек, содан кейін іздеу тиімді болады.
– Менің тәжірибемде айтарлықтай орын алған оқиға, ол ата-аналарымен ұрысып, үйден кетіп қалған 3 қызды тапқанымыз. Олардың бірі үйден қашып кеткен, себебі анасы оны кешке отырысқа жібермеген. Ал қыз болса төсек жаймасын пайдаланып, үшінші қабаттың терезесінен шығып кеткен. Біз полицейлермен бірге қыздардың жалға алған пәтеріне бардық. Оларды пәтерден сыртқа шығару қиын болды. Әңгімелесуден кейін барлығы сәтті аяқталды. Тәртіп сақшыларының әрдайым жедел әрі жоспарлы түрде жұмыс істейтінін атап өткім келеді, бұл бірлескен іздеу жұмыстарын айтарлықтай жеңілдетеді, – деді «Лидер KZ» еріктілер қозғалысының жетекшісі Наталья Афанасьева.
Барлық кәмелетке толмағандармен ата-аналары және заңды өкілдерінің қатысуымен аталған деректерге жол бермеу бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді.
– Балаларыңызға мұқият және мейірімді болыңыздар, олардың мәселелерін бірге шешіңіздер, сонда балаларыңыздың үйден қашып кетуі екіталай. Егер бұндай жағдай орын алса, сіз дереу полицияға баруыңыз керек. Өзіңізбен бірге баланың құжаттары мен фотосуреттері болуы керек, – дейді ПД ЖПҚБ ювеналды полиция тобының ерекше тапсырмалар жөніндегі аға инспекторы полиция майоры Әлішер Қалышев.