Ақтөбелік жас жедел уәкіл қызметі жайлы айтып берді
Ақтөбелік жас жедел уәкіл қызметі жайлы айтып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Дархан Қазбековтің полицияға қызметке кіргеніне 6 ай ғана уақыт болған. Осы уақыт ішінде жігерлі жас маман ауыр қылмысты ашып, көшеде жалғыз адамға жабылған жігіттер тобын да құрықтап үлгерген. Мектепте оқып жүрген кезінен Дархан грек-рим күресінен спорт шеберіне үміткер, облыстық, республикалық сайыстардың жүлдегері болған. Бала кезінен өзін де, өзгені де қорғай білген оны қылмыстық іздестіру саласы қатты қызықтырған. Ойлау қабілеті ұшқыр, жолдасы үшін жанын беруге даяр адал, еңбекқор жедел уәкілдерді теледидардан көрген кезінен тәнті болып, өзінің болашағына қатысты нақты шешім қабылдаған.
Жедел уәкіл болу – жас жігіттің басты мақсатына айналған. Өз ісіне тиянақты, спортшы жігіт әскери борышын Орал өңірінде өтеп, мұнда да өзінің біліктілігін байқатып, «Ұлттық ұланның үздігі» төсбелгісімен марапатталған. Әскерден оралғаннан кейін полицияға орналасу үшін құжаттарын жинап, конкурстан сүрінбей өткеннен кейін 2 айлық даярлық курсын аяқтаған Дархан Қазбеков өткен жылдың қараша айында Ақтөбе қаласы полиция басқармасының криминалдық полиция бөлімінің кіші жедел уәкілі лауазымына қабылданған.
Қылмыс пен оқиғалар, күдіктілер мен көмек күткен азаматтар, шұғыл шақыртулар мен түнгі кезекшіліктер – жаңа кіші жедел уәкілді өзінің қарбалас әлеміне бірден баураған. Армандаған жұмысына жан-тәнімен қызыға кіріскен жас жедел уәкіл, тәлімгерлерінің тағылымын санасына бірден сіңіріп, қырағылық пен еңбекқорлықтың үлгісі бола білген. Жуырда ғана 21 жастағы полицей Дархан Қазбеков Ақтөбе қаласында көшеде егде жастағы ер адамға шабуыл жасау арқылы iPhone 13 телефонын тартып әкеткен жігіттерді іздеуге білек сыбана кірісіп, өзінің жүйрік ойлау қабілеті мен тынымсыз еңбекқорлығының арқасында бір жарым тәуліктің ішінде қылмыскерлерді іздеп тауып, қолына кісен салып әкелген. Онымен қоса, олар жымқырған телефонды жәбірленушінің өзіне қайтарғанда оның шексіз алғысы мен шынайы ризашылығы жас маманға қанат бітіргендей болған.
– Әр адам өзінің сүйікті ісімен айналысқан дұрыс деп ойлаймын. Қызығушылықпен атқарылған жұмыс – қашан да оң нәтиже береді. Бұл кезде адам шаршағанын да ұмытады. Ал азаматтардың шынайы алғысын алу – кез келген полицей үшін нағыз бақыт деп ойлаймын, – дейді жас жедел уәкіл Дархан Қазбеков.