Талдықорғанда болашақ кинологтарды даярлау факультеті ашылды
Талдықорғанда болашақ кинологтарды даярлау факультеті ашылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығындағы аграрлық-технологиялық колледжінде 2023 оқу жылынан бастап кинология біліктілігімен төтенше жағдайларда қорғау мамандығы бойынша студенттерді даярлау жүргізіліп жатыр. Полиция департаментінің кинологиялық орталығының қызметкерлері колледж студенттеріне өз қызметтері туралы айтып, демонстрациялық қойылымдар ұйымдастырды.
– Болашақ құқық қорғаушылар мен заңгерлер ішкі істер органдарына қызметке орналасу тәртібі мен кинолог-инспекторларға қойылатын талаптар туралы, сондай-ақ қазіргі уақытта мамандарды оқытатын жоғарғы оқу орындарымен таныс болды, – деп атап өтті ПД кинологиялық қызмет орталығының бастығы Олжас Тұрарбек.
Бөлімше қызметкерлері студенттерді қызметтік иттермен таныстырып, олардың әрқайсысының шеберліктерін көрсетті.
Мысал ретінде төрт аяқты серіктестері атыс қаруының, есірткінің жасырын муляждарын тауып, аяқ киім иесін иіс ізімен қалай анықтайтынын көрсетті. Кездесу кинологиялық орталықтың оқу сыныбымен полигондағы экскурсиямен аяқталды.
Студенттердің көрген-білгендерін қызу талқылауы экскурсияның болашақ құқық қорғаушыларға пайдалы екенін растады. Қазіргі уақытта мамандық бойынша 43 студент білім алып жатыр.