Мұз ойылып, суға құлаған адамдарды құтқарған инспектор марапатталды
Атырау облысы полиция департаменті Құрманғазы ауданы полиция бөлімі тәрбие және кадр жұмысы тобының инспекторы Роман Насихан ІІ дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталды, – деп хабарлайды Polisia.kz сайтының тілшісі.
Оқиға 2023 жылдың 25 желтоқсанында Шарон өзенінің маңында болған.
– Кешкі уақытта 102 арнасына әйел адамның суға құлап кеткені жөнінде хабарлама түсті. Сол сәтте қызметтік кезекшілікке түскен болатынмын. Дереу өзімнің жеке автокөлігіммен оқиға орнына бет алдым, – деді полицей.
Мұз ойылып кеткендіктен әйелге көмекке келген ер адам да суға құлаған. Тәртіп сақшысы арқан лақтырып, азаматтардың ары қарай ағып, суға батып кетпеуіне ықпал жасаған.
– Кейін патрульдік полицияның екі экипажы келді. Бәріміз күш салып, екі адамды судан алып шықтық. Одан соң әйел мен ер адамды өз көлігіммен орталық ауруханаға жеткіздім, – деді Роман Насихан.