Ер есімі – ел есінде
Қарағанды облысы және Ұлытау облысы бойынша ҚАЖД қызметкерлері ерлікпен қаза тапқан әріптестерін еске алды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қарағанды облысы бойынша ҚАЖ департаментінің АК-159/21 мекемесінен 16 сотталғанның жеті қараңғыда қашып шығуға әрекет жасағанына да 12 жыл өтіпті. Мекеме қызметкерлерінің кәсіби біліктілік көрсетіп, табанды қарсылық көрсетуінің арқасында қарумен қашу оқиғасына тосқауыл қойылған болатын. Алайда қашқындардың кенеттен жасаған шабуылынан мекеменің төрт қызметкері оқ және пышақ жарақатын алады.
Ал бақылау қызметі бөлімінің аға маман, аға бақылаушысы әділет сержанты Жансерік Қашымбеков қызметтік міндеттерін орындау кезінде ерлікпен қаза тапты. Бар-жоғы 23 жасында ерлік жасады. Артында жұбайы мен кішкентай қызы қалды.
Жансерік 1988 жылғы 6 маусымда Қарағанды облысы Ақтоғай ауданының Нарманбет селосында дүниеге келген. 2002 жылы отбасымен Балқаш қаласына көшіп барып, онда ол М.Әуезов атындағы мектепті, Балқаш кәсіптік лицейін бітіреді. 2007 жылы Қазақстан Республикасы Қарушы күштерінің қатарында әскерге шақыртылып, Батыс Қазақстан облысы Орал қаласында әскери міндетін өтейді. Әскерден келген соң қылмыстық-атқару жүйесінде еңбек етуге бел буды. Өзінің еңбек жолын 2009 жылы 28 мамырда Қарағанды облысы бойынша ҚАЖКБ АК-159/21 мекемесінде (Балқаш қ.) қатардағы әділет қызметкері атағында маман-бақылаушы болып бастайды. Қылмыстық-атқару жүйесі қатарында еңбек еткен жылдары ол жұмыста қол жеткен жетістіктері үшін бірнеше рет мекеме басшылығының көтермелеу шараларына ие болады, сержант атағы беріліп, аға бақылаушы лауазымына көтеріледі.
Қызметтік міндеттерін орындау барысында батылдық пен табандылық көрсеткені үшін АК-159/21 мекемесі қызметкерлері: Владимир Литвин, Берікбол Қайыпбаев, Бекзат Мәдиев «Ерлігі үшін» медалімен, әділет сержанты Жансерік Қашымбеков «Айбын» орденімен наградталды.
Бүгінгі күні Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД барлық мекемелерінде Жансерік Қашымбековке арналған стендтер орнатылған. Қарағанды облысы бойынша ҚАЖД мекемесінің аумағында ескерткіші ашылды. Онда қызметкерлер, туыстары мен жақындары гүл шоқтарын қоцды.