Астанада дүкеннен ұрлық жасаған азамат қолға түсті
Астанада дүкеннен ұрлық жасаған азамат қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы ПД криминалдық полиция қызметкерлері Есіл ауданы полиция басқармасының қызметкерлерімен бірлесе отырып, «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы кезінде ұрлық қылмысына күдіктіні анықтады.
Анықталғандай, қала тұрғынынан басқарманың кезекші бөліміне қаладағы сауда орталығының бірінен дүкен сөресіндегі қымбат ішімдіктің қолды болғаны туралы хабар түсіп, арыз қабылданған.
Жедел-іздестіру іс-шараларының барысында криминалдық полиция қызметкерлері оқиға орнын қамтып тұрған бейнебақылау камерасындағы жазбаны қарап, әккі ұрының ізіне түскен. Іздестіру нәтижесінде тәртіп сақшылары жәбірленушіге жалпы құны 27 мың теңге шамасында шығын келтірген ұрлық қылмысына күдікті деп табылған 19 жастағы елорда тұрғынын анықтады. Белгілі болғандай, жас жігіт дүкенге еркін кіріп, қымбат ішімдікті байқатпай қойнына тығып, алып шыққаны бейнебақылау камерасына түсіп қалған.
Анықтай келгенде, аталған азаматтың бұған дейін де осыған ұқсас ұрлықпен айналысып, тағы да басқа сауда орталықтарына 90 мың теңге шығын келтіргені белгілі болған. Ол киімдерді өлшеп киген сыңай танытып, қымқырған заттарын арнайы магнит карталар дабыл белгісін бермейтіндей орамаға орап, сауда орнынан алып шыққан.
Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалып, құқық бұзушы кінәларын толық мойындап, істеген істеріне өкінетінін жеткізді.