Ақтөбеде абаттандыру ережесін бұзған 17 құрылыс компаниясы жауапқа тартылды
Ақтөбеде полиция 17 құрылыс компаниясын абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін жауапқа тартты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция қызметкерлері Ақтөбе қаласы сәулет бөлімінің мобильді тобымен және аудан әкімдіктерінің мамандарымен бірлесіп, құрылыс нысандарының бірқатар заң бұзушылықтарын анықтады.
Құрылыс объектілерінде көлік дөңгелектерін жуу пунктінің, құрылыс қоршауларының бар-жоғы тексерілді. Нәтижесінде 30 нысанға ескерту берілді. Ескерту бойынша кемшіліктер түзелмеген жағдайда полиция ҚР ӘҚБтК-нің 505 және 630-баптары бойынша қоршаулар мен дөңгелектерді жуу пункттері нормаларының талаптарына сәйкес келмегені үшін әкімшілік хаттамалар толтыратынын ескертті.
Осылайша полиция абаттандыру ережелерін бұзғаны үшін, оның ішінде қоршаулардың болмағаны және көшеге ауыр көліктері балшық дөңгелекпен шыққаны үшін 17 құрылыс компаниясын әкімшілік жауапкершілікке тартты.
Құрылыс компаниялары барлық анықталған ескертуді қысқа мерзімде жоюға міндеттенді. Қала тазалығын қамтамасыз ету мақсатында полиция қызметкерлерімен бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіледі.