Өзі күзететін құрылыс нысанынан металл ұрлаған астаналық күзетші ұсталды
Астана қаласының Байқоңыр аудандық ПБ криминалдық полиция қызметкерлері құрылыс нысандарынының бірінен ұрлық жасады деген күдікпен 31 жастағы қала тұрғынын анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тергеу барысында ер адам қаланың оң жақ жағалауында орналасқан құрылыс нысанында күзетші болып жұмыс істейтіні анықталды.
Түнгі уақытта құрылыс алаңында ешкім жоқтығын пайдаланып, қаскүнем ұзындығы 49 метр мыс кабельді ұрлап алып шыққан. Келтірілген материалдық шығын көлемі 735 мың теңгеге бағаланды.
Ұрланған кабельді металл қабылдау пунктіне өткізген. Аталған фактіге сәйкес ұрлық бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр. Ұсталған азаматтың елорда аумағында жасалған осыған ұқсас басқа да қылмыстарға қатыстылығы тексеріледі.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуды, құрылыс нысандарында қауіпсіздікті күшейтуді және бейнебақылау камераларымен жабдықтауды ұсынады.