Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

СҚО полицейлері жүргізушілер тарапынан жылдамдықты асырудың 184 дерегін тіркеді

СҚО полицейлері төрт күнде жүргізушілер тарапынан жылдамдықты асырудың 184 фактісін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл қаласына жақын маңда Челябі – Новосібір автожолында жылдамдықты асырып, тәртіп сақшыларының заңды талабын елемеген жүргізушіні тоқтату үшін патрульдік полицияның бірнеше экипажы жұмылдырылды. Бұған дейін қала сыртында жылдамдықты асырғаны үшін тоқтатылған жүргізуші ереже бұзғанын мойындамай, облыс орталығына қарай бет алып, жасырынбақ болған. Билік өкілдерінің тоқтау туралы талабына қарамастан, қала көшелерімен баса жөнелген. Бұл жағдай туралы қалалық патрульдік полицейлерге хабарланды. Барлығы бірге жүргізушіні Партизанская және Жұмабаев көшелерінің қиылысында тоқтатты. Ер адам жол жүрісі қағидаларын бұзғаны үшін және полицейлердің заңды талабын елемегені үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.

– Жылдамдықты асыру – ауыр зардаптарға алып келуі мүмкін жол жүрісі қағидаларының жиі жасалатын бұзушылықтарының бірі. 4 айдың ішінде Солтүстік Қазақстан облысының жолдарында жылдамдықты асырудың нәтижесінде екі жол-көлік оқиғасы тіркелді. Салдарынан 8 адам зардап шекті. 10 мамырдан бастап өңірде «Құқықтық тәртіп» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр. 4 күнде жылдамдықты асырудың – 184, жаяу жүргіншілер өткелдерінен өту ережелерін бұзудың 12 фактісі анықталды, сондай-ақ 18 мас жүргізуші ұсталды, – дейді СҚО ПД жергілікті полиция қызметі басқармасы бастығының міндетін атқарушы Александр Розбах.

Бұдан бөлек, электрлі самокаттарды жүргізушілер де басты назарда. Олар жаяу жүргіншілер өткелдерінен өтерде самокаттан түспейді, жолаушы тасымалдайды. Өткелдерде электрлі самокаттарды рөлден ұстап, жаяу өту қажет, жолаушылар мен жүктерді тасымалдауға болмайды. Тротуарлармен жүргенде жаяу жүргіншілерге кедергі келтірмей, жылдамдықты сағатына 6 шақырымнан асырмай жүруге рұқсат етіледі.

«Құқықтық тәртіп» іс-шарасының алғашқы күндері СҚО полицейлері облыста 1400-ден астам түрлі бұзушылықты анықтады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру