Ақтөбе облысының учаскелік полицейі ресейлік азаматтардың жоғалған 45 жылқысын тауып берді
Ақтөбе облысының учаскелік полицейі ресейлік азаматтардың жоғалған 45 жылқысын тауып берді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
13 мамырда Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданы полиция бөлімінің учаскелік полиция инспекторы Жаңабек Кенжебаев әкімшілік аумағын аралау кезінде Әйтеке би ауданы Құмқұдық ауылының маңында Ресей Федерациясының шекарасына жақын жерден қараусыз жайылып жүрген, таңбалары жоқ 45 бас жылқыны байқаған.
Ауыл тұрғындарының ішінен мал иелері анықталмағаннан кейін ол иесіз малдың қараусыз жүруіне жол бермеу үшін жылқыларды айдап әкеліп, шаруа қожалықтарының бірінің қыстағына уақытша қамаған. Әрі қарай Жаңабек қараусыз малдың иелерін іздеу жұмыстарын жалғастырып, Ресей Федерациясының құқық қорғау органдарымен байланысқан.
Нәтижесінде табылған жылқылардың Орынбор облысы Қоскөл ауылының 8 тұрғынына тиесілі екендігі және мал иелерінің арыздарының негізінде ресейлік құқық қорғау органдары аталған малды қаңтар айынан бері іздеп жатқаны анықталды.
15 мамыр күні мал иелері жылқылардың өздеріне тиесілі екендігін растайтын құжаттарын ұсына отырып, оларды айдап әкетті. Қыста қараусыз жіберу салдарынан жоғалтқан жылқыларын аман-сау тапқан ресейлік азаматтар учаскелік полиция инспекторы Жаңабек Кенжебаевқа шынайы алғыс сөздерін жеткізді.