Астанада техника дүкенінен ұрлық жасаған күдікті қолға түсті
Астанада техника дүкенінен ұрлық жасаған күдікті қолға түсті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы ПД Алматы ауданы ПБ қызметкерлері жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу кезінде ұрлық жасады деген күдікпен 30 жастағы азаматты анықтады.
Тергеу барысында жігіттің кешкі уақытта қаланың оң жақ жағалауында орналасқан сауда орталығындағы электронды техника дүкеніне келгені белгілі болды. Сатып алушы кейпінде тауарларды қарап жүріп, әрекеттерін бақылап тұрған куәгерлердің жоқтығына көз жеткізген соң гаджеттер тұрған сөреден құны 64 мың теңгеге жуық тұратын Samsung маркалы сымсыз құлаққапты алып кеткен.
Аталған факті бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексеру жүргізілуде, жігіттің елорда аумағында осыған ұқсас бұрын жасалған қылмыстарға қатысы бар-жоғы анықталып жатыр.