Қарағанды академиясын жас офицерлердің 52-легі аяқтады
ҚР ІІМ Бәрімбек Бейсенов атындағы Қарағанды академиясында курсанттардың 52-шығарылымы өтті. Биыл академияны 259 курсант бітіріп шықты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Іс-шараға Ішкі істер министрінің орынбасары Айдар Сайтбеков және құқық қорғау қызметінің басшылары қатысты. Айдар Сайтбеков өз құттықтау сөзінде түлектерге Отан игілігі үшін абыроймен қызмет етуді, әрқашан антқа адал болып, ата-аналардың, оқытушылардың оларға артқан үлкен сенімін ақтауды тіледі.
Диплом алған тергеушілер, анықтаушылар мен криминалистер білім деңгейін, біліктілігін іс жүзінде қолдану үшін полиция бөлімшелерінде қызмет атқаратын болады. Дәстүр бойынша шығарылымда академия ардагерлерінің қызметтік борышын өтеу кезінде қаза тапқандардың “Ерлікке қадам басқандар” ескерткіш стелласына гүл шоқтарын қою рәсімі өтті.
Іс-шара барысында Қарағанды облысы әкімінің орынбасары Азамат Тайжанов, 2024 жылғы академия түлектерінің ата-аналарының атынан Мадина Зикрьянова, осы жылғы академия түлектерінің атынан Марат Алиби сөз сөйледі.
Сондай-ақ Ардагерлер кеңесінің төрағасы, отставкадағы полиция полковнигі Мағауйя Орманов 4 жыл бойы өз міндетін адал орындап, үздік нәтиже көрсеткен командирдің орынбасары Бекболат Нұрқасымға қол сағатын табыстады.