Алматы полицейлері 8 қап ақбөкен мүйізін сатпақ болған күдіктілерді ұстады
Алматы полицейлері 8 қап ақбөкен мүйізін тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Төрт адам 8 қапқа салынған 1200 мүйізді сатпақ болған. Олардың бұл заңсыз әрекеті Алматы қаласы ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері жүргізген арнайы іс-шараның нәтижесінде анықталды.
– Арнайы іс-шараның негізгі кезеңін Алматы облысының аумағында жедел қызметкерлер мен арнайы жасақ жүргізді. Ол жерде Hyundai автокөлігі тоқтатылды, оның ішін тінту барысында 1212 дана көлеміндегі 8 қап мүйіз табылды және тәркіленді. Күдіктілер ПД-ның уақытша ұстау изоляторына қамалды. Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ тыйым салынған өсімдіктер мен жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз айналысу дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды, – деді Алматы қалалық полиция департаменті бастығының орынбасары Қуатбек Науатов.
ҚР ҚК-нің 201-бабына сәйкес өзге ақпарат тергеу мүддесіне орай жария етілмейді.
ҚР Конституциясының 77-бабы 3-бөлімі 1-тармағы, ҚР ҚК-нің 19-бабы 1-тармағына сай кез келген азамат сот шешімі заңды күшіне енгенге дейін кінәсіз деп саналады.