Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимов туған өлкесіне барып қайтты
Ұлы Отан соғысының ардагері Құрмат Рахимов өзінің 100 жылдық мерейтойына орай, туған өлкесіне барып қайтты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Ақсақал соңғы рет Күршімде 14 жыл бұрын болған. Дәл сол кезде Кумашкино деп аталған Күршім ауылынан 1942 жылы ол 17 жасар бала ретінде майданға аттанған.
– Өзіңді өсірген елге деген сағынышты қазір ерекше түсінесін. Мен мұнда соңғы рет 2010 жылы болдым, туған жерімнің ауасын жұтқым келді, келгеніме өте қуаныштымын, – дейді Құрмат Рахимұлы.
Ұлы Отан соғысының ардагері және ішкі істер органдарының отставкадағы милиция полковнигі Құрмат Рахимовты ІІО және ҰҰ ардагерлер кеңесінің төрағасы Нұрлыбек Үдербаев пен ШҚО ПД тәрбие және кадр жұмысы басқармасының бастығы Ерхат Шалқыбаев туған жеріне алып барды.
Даңқты жерлесті ауылдың дәл кіре берісінен аудан әкімі Алмат Ақышов пен Күршім АПБ бастығы Жандос Кошкинчинов жылы қарсы алды. Келгеннен кейін бірінші кезекте ардагер Ю. Гагарин атындағы №1 Күршім орта мектебінде оның құрметіне ашылған кадет сыныбына баруға шешім қабылдады.
Оқушылармен әңгімелесіп, ол соғыс жылдарындағы естеліктерімен бөлісті, туған өлкесінің игілігі үшін қалай жұмыс істегені, полиция қызметі және шығармашылық жолы туралы айтты. Сонымен қатар Құрмат Рахимов мектеп оқушыларына және полиция қызметкерлеріне ерлік сабағын өткізді.
– Отанға қызмет ету үшін ең алдымен патриот болу керек. Өзіңмен тынымсыз жұмыс істеу, шеберлікті арттыру және уақыт келгенде Отан алдындағы парызыңды абыроймен орындау қажет», – деп атап өтті батыр.
Ардагер естелік ретінде білім ошағына қажетті құрал-жабдықтарды, мектеп директорына өз кітабын сыйға тартты, ақсақал аудан әкімінің иығына ұлттық шапан жауып, баршаға ізгі тілекпен бата берді. Өз кезегінде жас оқушы Құрмат Рахимовқа өзі салған ақсақалдың портреті бар суретті сыйға тартты.
Ақсақалдың Күршім ауылына сапары мұнымен біткен жоқ. Ардагер қиын өмірлік жағдайға тап болған жерлестеріне қаржылай көмек көрсетіп, Азия турнирінде бокстан алтын алған жергілікті спортшы Шырын Мәнәпованың жетістігін мақтанышпен атап өтті.
Ауыл көшелерімен жүріп келе жатқан Құрмат Рахимов жалықпай жан-жағына көз жүгіртіп, өзінің шағын туған жері қандай болғанын еске түсірді.
– Туған жерге деген сүйіспеншілікті сөзбен жеткізу мүмкін емес, сөзсіз де бәрі түсінікті. Ал бұл сезім менің жанымда, жүрегімде мәңгі сақталады, оны ешнәрсе сөндіре алмайды, – дейді Өскеменге оралған Ұлы Отан соғысының батыры.