Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Ақтөбеде жас жол инспекторларының слеті қорытындыланды

Ақтөбеде жас жол инспекторларының слеті қорытындыланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

22 мамырда Ақтөбе облысының оқушылары жас жол инспекторларының XXI слетінде бас қосты. Өңірдің әр аумағынан жиналған балалар тәжірибелі полицейлердің алдында 7 сайыс бойынша сынға түсті. Жас инспекторлар жол қозғалысы ережелерін жетік меңгергенін дәлелдеп, алғашқы медициналық көмек көрсету дағдыларын, велосипедпен мәнерлеп жүру шеберліктерін сынға салды, сондай-ақ саптық байқауда да сымдай тартылып, қарыштай адымдауда үздік екендіктерін танытты.

Ақтөбе қаласындағы №40 жалпы білім беретін мектепке өткен дүбірлі додаға 120 оқушыдан құралған 12 команда жиналды. Сайыс бағдарламаларының барлығы команданың әрбір қатысушысынан айтарлықтай білім мен дағдыны талап етті. Алайда жас инспекторлардың ешбірі тосырқаған жоқ: әрқайсысы жоғары дайындығын дәлелдеп, жол қауіпсіздігі саласында білім мен біліктіліктің биік үлгісін көрсетті. Жергілікті полиция, әкімшілік полиция, патрульдік полиция қызметкерлерінен құрылған кәсіби қазылар алқасына үздіктердің үздігін іріктеу оңайға соққан жоқ. Нәтижесінде, «Жас жол инспекторы» слетінің қорытындысы бойынша Ойыл ауданынан келген «Жас ұлан» командасы үздік шығып, бірауыздан 1-орынға лайық деп танылса, 2-орынды Хромтау ауданының «Жас қыран» командасы жеңіп алды, 3-орынның тұғырына Шалқар ауданы полиция бөлімінің «Жас қыран» командасы көтеріліп, үздік үштікті қорытындылады.

Жас инспекторларды марапаттау рәсіміне «Ақтөбе» футбол клубының ойыншылары Бағдат Қайыров, Жайро Жан және Идрис Умаевтың құттықтап келуі балаларға тамаша көңіл-күй сыйлады. Танымал футболшылар қатысушы командалардың әрқайсысына қолтаңбалары қойылған доп табыстап, балалармен естелікке суретке түсіп қуантты.

– Бізге құрмет көрсетіп, осындай ерекше шараға шақырғандарыңызға рақмет! Балаларды құттықтаймын, – деді футболшы Б.Қайыров.

Шара барысында жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Айдос Құлжанов пен Ақтөбе облысы білім басқармасының басшысы Жайық Сұлтан барлық қатысушы команданы алғыс хаттармен марапаттап, 7 номинация бойынша грамоталар тапсырды. Полицейлердің айтуынша, мұндай сайыстар, ең бастысы – балалардың жолдағы қауіпсіздігін көздейді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру