Астана полициясы такси жүргізушісін қорқытқан күдіктіні құрықтады
Астана полициясы такси жүргізушісін пышақпен қорқытқан күдіктіні ұстады. Ұсталған азаматтың бұрын сотты болғаны анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Оқиға таңертеңгі уақытта болды. Такси жүргізушісі оң жағалауға шақыруға барып, сол жерден клиент алған. Келіскен мекенжайға жеткенде жолаушы жол ақысын төлеуден бас тартып, ас үй пышағымен жүргізушіні қорқытқан. Қаскүнем жәбірленушінің телефонын тартып алып, Балқаш қаласына жеткізіп тастауын талап еткен.
Қаладан біраз шақырым шыққан соң жолаушы дүкеннен сусын алуға кеткенде, такси жүргізушісі қашып үлгерген. Жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында Алматы ауданы ПБ криминалдық полиция қызметкерлері бұрын бөтеннің көлігін айдап кеткені үшін сотталған 22 жастағы азаматты ұстады. Ол мойындау көрсетпелерін берді, заттай дәлелдеме тәркіленді.
ҚР ҚК-нің 191-бабы (Тонау) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жігіттің елорда аумағында жасалған басқа да осыған ұқсас қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.
Астана қаласының полиция департаменті азаматтарды құқыққа қайшы әрекеттер болған жағдайда дереу полицияға жүгінуді, қауіпсіздік мақсатында қылмыскерлерді ұстауға өз бетінше әрекет жасамауды ескертеді.