Абай облысында ақбөкеннің мүйізін заңсыз сақтаған екі ер адам ұсталды
Абай облысының полицейлері облыс орталығының екі тұрғынынан заңсыз сақталған ақбөкеннің 223 мүйізін тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыстық ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері ҚР ҰҚКД-мен бірлесіп, «Бүркіт» ҰҰ күштік қолдауымен облыс орталығының 2 тұрғынын анықтап, ұстады.
Сотқа дейінгі тергеу барысында Семей қаласының сыртындағы жайылымда жүрген ерлердің бірі ақбөкендердің өлекселерін көп мөлшерде тауып, мүйіздерін кесіп, кейіннен шетелге сату үшін жинағаны анықталды. Көп бөлігін досына сақтауға берген. Қара нарықта ақбөкеннің 1 келі мүйізі үшін 100 АҚШ долларын ұсынады.
Сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген, сондай-ақ пайдалануға тыйым салынған өсімдіктер немесе жануарлар түрлерімен, олардың бөліктерімен немесе дериваттарымен заңсыз қарым-қатынас жасау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.
Ақбөкеннің 223 мүйізі үшін 2 ер адам бес жылға бас бостандығынан айырылуы мүмкін.
Тергеу және жедел іс-шаралар кешені өткізіледі.