Жамбыл облысында жол ережесін бұзған борышкерлерден 49 млн теңге өндірілді
Жамбыл облысында жол ережесін бұзған борышкерлерден 49 млн теңге өндірілді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
"Борышкер - 2024" жедел алдын алу іс-шарасы аясында полицейлер арнайы автокөліктерде орнатылған тиісті деректер базасы бойынша жүргізушілерді тексеруді жүзеге асырды.
- Үш күн ішінде мемлекет бюджетіне 48 млн 956 мың теңге өндірілді. Төленбеген айыппұлдары бар 301 автокөлік арнайы тұраққа қойылды, - деді Жамбыл облысы ПД әкімшілік полиция басқармасының бастығы Жайдарбек Құттыбаев.
Сондай-ақ, халық арасында әкімшілік айыппұлдарды төлеу жолдары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілді, 2069 борышкердің үйі мен пәтерлеріне бару жүзеге асырылды.
Іс-шара барысында полиция қызметкерлері облыс орталығында BMW көлігін тоқтатып, тексеру кезінде жылдамдықты асырғаны үшін 3 төленбеген нұсқама анықталды. Борышкердің көлігі айыппұлдары толық өтелгенге дейін арнайы тұраққа қойылды.
Жамбыл облысының полиция департаменті жол қозғалысына қатысушыларды жеті тәулік ішінде көрсетілген айыппұл көлемінің 50%-ын төлеуге құқылы екенін еске салады.