Павлодар облысында балалардың түнгі серуені үшін мыңға жуық ата-ана жазаланды
Павлодар облысында балалардың түнгі серуені үшін мыңға жуық ата-ана жазаланды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері полиция қызметкерлері кәмелетке толмағандардың 943 заңды өкілді түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартқан.
Мысалы рейдтер кезінде полиция қызметкерлері түнгі уақытта Назарбаев даңғылы көшесінде заңды өкілдерінсіз жүрген екі кәмелетке толмағанды ұстады. Түнгі уақытта кәмелетке толмағандардың заңды өкілдерінің, олардың ата-аналарының еріп жүруінсіз тұрғын үйден тыс жерде болғаны үшін әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта ойын-сауық орындарында болу фактілері бойынша 41 мекеме иелері жауапкершілікке тартылды.
– Түнгі уақытта ойын-сауық орындарында немесе көшеде тәртіп сақшыларының назарына түскен жасөспірімдердің полиция бөлімшесіне түсу қаупі бар. Сонымен қатар баланың кешкі уақытта үйден тыс жерде болуы келеңсіз жағдайларға алып келуі мүмкін. Балаларыңызды бақылаңыздар, егер баланың қай жерде жүргенін білмесеңіз және ол телефон қоңырауларына жауап бермесе, дереу полицияға хабарласыңыз, – деп ескертеді Павлодар облысы ПД қызметкерлері.