Алматы облысында кадет сыныбына ерлікпен қаза тапқан полицейдің есімі берілді
Алматы облысында кадет сыныбына ерлікпен қаза тапқан полицейдің есімі берілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Талғар қаласындағы №49 орта мектебінің кадет сыныбына қызметтік борышын орындау барысында қаза тапқан полицейдің есімін берді. Қызметтік борышын атқару кезінде қайғылы қаза тапқан Еділ Әділжанды еске алуға арналған салтанатты іс-шараға туыстары мен жақындары ғана емес, онымен бірге жұмыс істеген әріптестері де шақырылды.
– 2008 жылғы 19 желтоқсанда «Бүркіт-303» жедел-іздестіру тобының жетекшісі болып тәулік кезекшілікке түскен. Сол түні Белбұлақ кентін патрульдеу кезінде ол әріптесімен бірге жүргізушісі патрульдік көлікті көргенде күрт бұрылып, газ педальын басқан көлікке назар аударды. Полицейлер қуып жетуге тырысты. Бір кезде қашқын жүргізушінің көлігі бұзылып, тоқтады. Автокөліктің салонынан үш жолаушы жүгіріп шығып, белгісіз бағытқа қашып кетті. Көліктің ішін қарап, айналаны іздеп кейін патрульшілер ешкімді таппады. Олар көліктің мемлекеттік нөмірін шешіп алып кеткен, өйткені бұл құқық бұзушыларға әкелетін жалғыз із болды. Полицейлер арнайы көлігіне қарай қайтып жатқанда артқы жағынан оқ атылды. Есінен танып бара жатып, Еділ Әділжан жақын маңдағы экипажға қарулы қылмыскердің автокөлік нөмірін хабарлады. Дәрігерлердің талпыныстарына қарамастан Еділ жасалған отадан кейін қайтыс болды, – деп атап өтті облыстық департаменттің баспасөз қызметі.
Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен қайтыс болғаннан кейін III дәрежелі «Айбын» орденімен марапатталған.
– Еділ Әділжан 30 жасында қайтыс болды. Мұндай іс-шаралардың басты мақсаты – полиция батырларын еске алу ғана емес, жастардың бойында шынайы патриотизм сезімін тәрбиелеу, – деп толықтырды ведомстводан.
Сонымен қатар мектепте қаза тапқан қызметкерге құрмет ретінде ескерткіш тақтасы ашылды.