Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қауіпсіз балалық шақ: Алматы облысында әскери-спорттық ойын өткізілді

Ішкі істер министрлігінің бастамасымен 2026 жыл – “Заң мен тәртіп – қауіпсіз балалық шақ кепілі” жылы аясында Алматы облысы Қонаев қаласындағы “Балдәурен” республикалық оқу-сауықтыру орталығында ІІМ әкімшілік полиция комитетінің ұйымдастыруымен әскери-спорттық ойын өтті, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шараға 285 бала, әкімшілік полиция комитетінің өкілдері, Алматы облысы полиция департаментінің қызметкерлері, прокуратура, білім беру саласының өкілдері, балалардың құқықтарын қорғау бағытындағы мамандар, “Балдәурен” орталығының педагогтері және қонақтар қатысты.

Әскери-спорттық ойынның басты мақсаты – балалардың дене дайындығын жетілдіру, әскери-патриоттық тәрбиені нығайту, тәртіп пен жауапкершілікті қалыптастыру, командалық жұмыс пен өзара көмек дағдыларын дамыту, сондай-ақ қауіпсіз мінез-құлық мәдениетін арттыру.

Ойын барысында қатысушылар әскери-қолданбалы бағыттағы бірнеше кезең бойынша бақ сынады. Балалар шапшаңдық, ептілік, дәлдік пен төзімділіктерін көрсетіп, командалық рух пен ұйымшылдықтың маңызын танытты.

Іс-шара аясында арнайы бөлімше қызметкерлері мен кинологтардың көрсетілімдері ұйымдастырылып, балалар полиция қызметінің ерекшеліктерімен танысты.

Ойын қорытындысы бойынша үздік нәтиже көрсеткен қатысушылар кубок, медаль және естелік сыйлықтармен марапатталды.

Мұндай іс-шаралар жас ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілік, заңға құрмет, тәртіптілік, жауапкершілік және командалық рух қасиеттерін қалыптастыруға бағытталған.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру