Павлодар облысында колония қызметкерлері камераның көмегімен сотталғанның өмірін сақтап қалды
Павлодар облысында колония қызметкерлері камераның көмегімен сотталғанның өмірін сақтап қалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар облысы бойынша ҚАЖД № 47 (қауіпсіздігі барынша төмен) мекемесінің жасағында сотталғандардың бірі өзін нашар сезініп, төсегінде қимылсыз жатқан. Бейнебақылау бекетінің операторы сотталған адамның қозғалмай жатқанын байқап, кезекші нарядты осы жасаққа жіберді.
– Колония қызметкерлері бөлмеге кіргеннен кейін ер адамды ес-түссіз күйде көріп, офицерлер оны бүйіріне жатқызып, терезені ашты. Қысым жоғары болды. Сотталған адамның бетінің өзгергенін көріп, колония қызметкерлері оның инсульт екенін түсініп, мекеменің медициналық қызметкері мен жедел жәрдем шақырды, – деді ҚР ІІМ ҚАЖ комитетінің баспасөз қызметі.
Жедел жәрдем келген соң ер адам жансақтау бөліміне жатқызылды. Қазір оның өміріне қауіп төніп тұрған жоқ.
Мекеме қызметкерлеріне сотталғанның әпкесі алғысын білдірді. Дәрігерлер анықтағандай, мекеме қызметкерлерінің уақытылы жасаған әрекеттері адамды құтқарып қалды.
Естеріңізге сала кетейік, Мемлекет басшысының Жолдауын іске асыру мақсатында пенитенциарлық мекемелерде барлық «көрінбейтін аймақтар» болмайтын жаппай бейнебақылау енгізілді. Бүгінгі таңда республика мекемелерінде 43 мыңнан астам камера орнатылған.