Қызылорда полицейлері тұрғынның алғысына бөленді
Ел батасын алып, алғысына бөлену – құқық қорғау саласы қызметкерлері үшін әрқашан маңызға ие. Осындай ізгілікке бөленген жандардың алғыс хаттары лек-легімен Қызылорда қаласы полиция басқармасы бастығының хат қоржынына жиі түседі, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Солардың бірі Қызылорда қаласының тұрғыны Маржан Жаленовадан келіп түскен хатты ерекше атап өтуге болады. Полицейлерге деген сенімдері нығайып, жүздерін күлкі, жүректерін қуаныш кернеген жандардың хаты алғысқа толы.
Оқиға 18 мамыр күні болған. Хат иесінің 7 жастағы ұлы қала аумағындағы демалыс орындарының бірінде құны 120 мың теңге тұратын Samsung Calaxy A14 телефонының жоғалтып алған. Содан Маржан Қызылорда қаласы Тасбөгет кетінде орналасқан полиция бөлімшесіне барып хабар берген.
– Тасбөгет полиция бөлімшесінің тергеушісі Бақытжан Досмағамбетов және жедел уәкіл Дастан Жанбаев жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізді. Нәтижесінде жоғалған телефонды кезекші тәулікте тауып берді. Болған жағдай бойынша тиянақты жұмыс істеген Бақытжан мен Дастанға шексіз алғысымды білдіремін, – деді қала тұрғыны.
Қызметкерлер бар болғаны өз міндеттерін орындайды. Дей тұрғанымен, осындай жылы сөздер оларға жігер сыйлайды.