Ержан Белдикбаев: “Жаза басқан жандарды қайта тәрбиелеу – басты міндетіміз”
Polisia.kz редакциясы ҚАЖ саласындағы білікті қызметкер, көпбалалы әке Ержан Белдикбаев туралы ақпарат ұсынады.
Сотталғандармен жұмыс істеудің қиындығын да, қауіптілігін де жазалы жандармен тікелей жұмыс істеп жүргендер жақсы біледі. Қылмыскерлерден қатаң тәртіпке бағынуды талап ете отырып, олардың жан дүниесін түсінуге тырысып, моральдық жағынан қиналған сәттерінде сырласып, көңілін демеп, болашаққа деген сенімін ұштай білу үшін де адам сегіз қырлы, бір сырлы болуы керек екені даусыз.
– Адам қылмысқа әртүрлі жағдайда барады. Алайда қандай жағдай болсын қылмыстың өтеуі – жаза. Оған дау жоқ. Бірақ біздің міндетіміз – сотталған адам қандай қылмыс жасаса да, оны тәрбиелеуіміз керек. Ғұлама Абай “Дүниеде жалғыз қалған адам – адамның өлгені” деген ғой. Темір тордағы адамды алғашында сол жалғыздықтан алып шығып, дұрыс жолға бағыт беруге міндеттіміз, – дейді Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаменті № 12 мекемесінің сотталғандар арасындағы тәрбие және әлеуметтік-психологиялық жұмыс бөлімінің бастығы Ержан Белдикбаев.
Ержан қызмет өткеретін мекеме – қауіпсіздігі барынша жоғары мекеме. Яғни бұл жерде аса ауыр және ауыр қылмыс жасағандар жазасын өтейді. Қазір бір мыңға жуық осындай сотталғанның арасында 20 және 25 жылға дейін, тіптен одан да ұзақ мерзімге сотталғандар бар.
Қылмыстық-атқару саласында қызмет ететіндердің қауіп пен қатердің өтінде жүретінін ескерсек, тәрбие жұмысымен айналысатын офицерлер осындай адамдармен үнемі тікелей қарым-қатынаста болады. Олардың әрқайсысының мінез-құлқын зерттеп, қабілет қарымын таразылайды. Сотталғандардың ниетін танып, қауіптің алдын алуда тәрбие саласының маманы тұтастай психологтың да рөлін атқарады. Ержан Белдикбаев бұл жағынан да сезімтал, тәжірибелі маман. Қылмыстық-атқару жүйесіндегі еңбек жолын 2010 жылы осы мекемеде бақылаушы болып бастаған Ержан біраз жыл 7252 әскери бөлімнің 2-атқыштар батальонында да бақылаушы қызметін атқарды. Десек те, оның ширек ғасырға жуық еңбек өтілінің басым бөлігін осы қатаң режимдегі №12 мекемедегі өтілі құрайды.
Осындай жауапты әрі жүгі ауыр қызметті абыроймен атқарып жүрген әділет капитаны бақытты да баянды отбасының иесі. Ол жан-жары Нұргүл Сағиқызы екеуі алты бала тәрбиелеп отырған үлгілі жанұя. Адамның тіршіліктегі парызы ұрпақ өсіріп, оларға тәлімді тәрбие беру болса Ержан мен Нұргүл осы парыздарын үлкен адамгершілікпен өтеп келе жатқан жандар.
Алты баланың анасы Нұргүл Сағиқызы Алматы облысы Заречный ауылындағы орта мектепте тарих пәнінің мұғалімі. Ерлі-зайыпты екеуі де тәрбие жұмысымен айналысады. Нұргүл өскелең ұрпақты елі мен жерінің тарихына тәрбиелесе, Ержан мың соқпақты өмір жолынан өз соқпағын таба алмай адасқан адамдарды қайта тәрбиелеумен айналысады.