ІІМ Ұлттық ұлан авиациясында ашық есік күні өткізілді
18 маусымда Астана қаласының әуеайлағында орналасқан Ұлттық ұлан авиациялық базасында Қазақстан полициясы күніне орай ҚР Ішкі істер министрлігі мен Ұлттық ұланының ұйымдастыруымен БАҚ өкілдеріне арналған баспасөз-туры өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Тур аясында БАҚ өкілдеріне экскурсия ұйымдастырылды. Атап айтқанда, қонақтарға авиабазаның инфрақұрылымы, мәдени-демалыс орталығы, спорт кешені, 3656 әскери бөлімінің штабы мен базаның ұшу және инженерлік-техникалық құрамына арналған асхана таныстырылды. Әуе эскадриля командирінің тәрбие және әлеуметтік-құқықтық жұмыстар жөніндегі орынбасары Талғат Булановтың айтуынша, Ұлттық ұлан авиабазасы тек құқықтық тәртіп әскерінде ғана емес, еліміздегі заманауи инфрақұрылымы бар жаңа әскери нысан.
– Биыл мамыр айының басында Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас Қолбасшысы – ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев аталмыш авиабазаны салтанатты түрде ашқан еді. Және де әскери жауынгерлік қызметтің ұйымдастырылуына жоғары баға берген болатын. Біздің ұшқыштар шетелге гуманитарлық жүктерді тасыды. Сондай-ақ елімізде болған су тасқыны зардаптарын жоюға да ұландық авиация белсенді атсалысты. Халықты құтқару жұмыстарына көмектесті. Қандай жағдай болсын, ұландық ұшқыштар жауынгерлік тапсырманы орындауға дайын, – деді Талғат Буланов.
Өз кезегінде журналистер қауымы жаңа әскери ұшақтар мен тікұшақтарды тамашалады. Әскери техникамен жақынырақ танысуға мүмкіндік алды. Әсіресе, БАҚ өкілдері жеке құрам мен жүктерді тасымалдауға, сыртқы аспада ірі габаритті жүктерді тасымалдауға, іздестіру-құтқару операцияларын жүргізуге, зардап шеккендерді эвакуациялауға және т. б. арналған түрлі әуе кемелерін көре алды.
Cонымен қатар әскери киім үлгілерінен және көлік түрлерінен көрме ұйымдастырылды. Асханамен танысу барысында ас мәзірінен дәм татты. Сондай-ақ А-74 автоматы мен Макаров тапаншасын шашып-жинаудан, норматив тапсырудан байқауға қатысып, өзара мықтыны анықтады. Жеңімпаздар ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұлан Бас қолбасшысы Еркін Ботақановтың атынан грамотамен марапатталды.
Іс-шарада сондай-ақ белгілі рекордшы ауыр атлет Бауыржан Камалиев жалпы салмағы 32 тонна болатын әскери ұшақты демонстрациялық түрде сүйреп, тағы бір рекорд орнатты.
– Бұл рекордты ҚР Полиция күні мерекесіне арнаймын. Әр азамат өз елін, өз жерін қорғауға дайын болуы керек, – деді жаңа рекорд иесі.
Бауыржан Камалиев – экстриммен айналысатын ауыр атлет ретінде танымал. Ол соңғы екі жылда төрт рет әлемдік рекордты жаңартқан.
Айта кетейік, Ұлттық ұлан авиациясы ҚР ІІМ-нің күштік құрамдас бөлігі ретінде күштер мен құралдарды қолдану кезінде пайдаланылады және ҚР Қарулы Күштерінің, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің авиациялық құрамалары мен бөлімдерін біріктіретін және елдің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз ету жүйесіндегі неғұрлым жоғары технологиялық, жауынгерлік және ұтқыр құралдардың бірі саналатын Қазақстанның мемлекеттік авиациясының құрамына кіреді.
Елордада Ұлттық ұланның авиациялық базасын орналастыру күштер мен құралдарды қойылған міндеттерді орындау орнына уақытылы жеткізуді қамтамасыз етеді. Осылайша, Ұлттық ұланның бөлімшелеріне әуе барлауын жүргізу, ауадан қылмыскерлерді іздеу, зардап шеккендерді эвакуациялау бойынша ұшып шығу және авиациялық қолдау көрсету уақыты қысқартылды.