Оралда көлік полицейлері өрт шыққан тұрғын үйден азаматтарды эвакуациялады
Оралда көлік полицейлері өрт шыққан тұрғын үйден азаматтарды эвакуациялады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өрт 19 маусым күні түстен кейін Орал станциясындағы желілік полиция бөлімінің әкімшілік ғимаратының жанындағы 5 қабатты тұрғын үйлердің бірінен шыққан. Осы үйдің бір тұрғыны жоғарғы қабаттан түтінді байқап, полицейлерден көмек сұрады. Желілік бөлімнің үш қызметкері оқиға орнына дереу барып, полиция бөлімінің өрт сөндіргіш құралдарын пайдаланып, адамдарды эвакуациялап, өртті сөндіруді жедел бастап кетті.
Көлік сақшылары, атап айтқанда Қайсар Искендировтің, Жанғали Турекешовтің және қатардағы полиция қызметкері Мирлан Ищановтың өрт сөндірушілер келгенге дейін жасаған жедел әрі дұрыс әрекеттерінің арқасында барлық тұрғындар аман-есен эвакуацияланды, зардап шеккендер жоқ. Сондай-ақ полицейлердің оңтайлы іс-қимылдары қызыл жалынды өршітпей, оны толығымен сөндіруге мүмкіндік берді.
– Кіреберістің ішіне кіре алмайсың, қап-қараңғы, түтін. Үш бала келіп, бастарын жауып, үстіндегі киімдерін шешіп кіріп кетті. Жүгіріп, қарттарды, балаларды, көп адамды сыртқа шығарды. Үлкен рақмет. Балаларға зор денсаулық, қызметте табыс тілеймін, – деп үй тұрғындарының бірі шексіз алғысын білдірді.
Алдағы уақытта кполиция департаментінің басшылығы жоғарыда аталған қызметкерлерді азаматтарды құтқаруда көрсеткен ерлігі үшін көтермелейтін болады.