Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Алматыда Қазақстан полициясы күніне орай гала-концерт өтті

Алматыда Қазақстан полициясы күніне орай гала-концерт өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Алматы өзінің қайталанбас келбетін сақтап қана қоймай, жыл сайын қарқынды дамып, көркейіп келеді. Қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, қылмыспен күресуде алматылық полиция қызметкерлері де лайықты үлес қосып келеді.

Бүгін Қазақстанның тәртіп сақшылары ішкі істер органдарының құрылғанына 32 жыл толуын атап өтуде. Алматыда осы күнге орай, қала әкімі, құқық қорғау органдары басшылары, ІІО ардагерлері, қызметтік міндетін атқару кезінде қаза тапқан полиция қызметкерлерінің туыстары, сондай-ақ ПД қызметтері мен бөлімшелерінің жеке құрамының қатысуымен мерекелік гала-концерт өткізілді. Тәртіп сақшыларының ұйымдастыруымен алғаш рет ІІМ академиясының курсантынан генералға дейінгі бір полицейдің тарихын қайта жаңғырту бойынша мюзикл ұйымдастырылды.

– Бүгінгі күні Алматы полициясында қылмысқа қарсы күрес жүргізу, заңдылық пен тәртіпті нығайту және қаладағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін барлық қажетті жағдай мен мүмкіндік бар. Қазақстанның тәртіп сақшылары – мемлекет пен оның тұрғындарының қауіпсіздігінің кепілі. Біз Отан алдындағы қызметтік борышын адал атқарып, қала тұрғындары мен қонақтарына қауіпсіз өмір сүру жағдайын жасап жатқан полиция қызметкерлерін мақтан тұтамыз, – деді Алматы қалалық полиция департаментінің бастығы Арыстанғани Заппаров.

Алматы полициясында Президент Жарлығымен полиция генерал-майоры атағын алған 4 Ішкі істер министрі, 15 министрдің орынбасары, облыстық және қалалық аумақтық полиция бөлімшелерінің 36 басшысы қызмет еткен.

– Ішкі істер органдарының қалыптасуы мен дамуының бүкіл тарихи жолы сіздермен, құрметті ардагерлер, өз өмірін заң мен халқына аянбай, адал қызмет етуге арнаған адамдардың тағдырларымен үздіксіз байланысты. Сіздердің кәсіби шеберліктеріңіз, тәжірибелеріңіз, дәстүрлеріңіз жылдар бойы егемен еліміздің қалыптасуының ең қиын жағдайында қалыптасып, нығая түсті. Сіздерді кәсіби мерекелеріңізбен құттықтауға рұқсат етіңіздер! Сіздерге, құрметті ардагерлер, әріптестер, зор денсаулық, ұзақ ғұмыр, отбасылық бақыт, бақ-береке, бейбіт аспан және мемлекетіміздің гүлденуі жолындағы қиын да жауапты, бірақ абыройлы қызметте табыс тілеймін, – деді Арыстанғани Заппаров.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру